пятница, 1 февраля 2019 г.

Айлықтың мұңы



    
Қордағы ақша: Әй айлық неге сонша мұңаясың,
Кетіпті ғой тіптен басың салбырап.
Айлық: Оның рас есімді жия алмасым,
Не істерімді білмей тұрмын абдырап.


Қордағы ақша: Кеше ғана шығамын деп қуанып,
Жүр едің ғой неге тұрсың суалып.
Айлық: Қалай ғана суалмаймын қарағым,
Бонкаматтан шықпай жатып тоналдым.

Күні өтіп кеткен екен қарыздың,
Тыңдалмады менің айтқан арызым.
Кредитім бар болған соң амал жоқ,
Оны өтеу мына менің парызым.

-         Қуантуға бара алмаймын үйімді,
Дүкенші жүр қос қабағы түюлі.
Бере алмасам ішіп жеген қарызды,
Күнде келіп жейді менің миымды.

Қордағы ақша: Қарызыңды төледім деп жанықпай,
Қанағат қыл қалғанына қамықпай.
Үйіңе қайт қуантсайшы ертерек,
Суға кеткен үйректей боп зорықпай.

Айлық: Ал одан соң қарызбын сол көршіден,
Балаларға аяқ киім әпергем.
Тағы да алғам оң жақтағы көршіден,
Тойға апардым бұрын маған әкелген.
Қордағы ақша: Ой байғұс ау халің мүшкіл екен ау,
Тілемеймін жауыма да мұндайды.
Қарыз деген неткен мықты күшті жау,
Көрмегенмін өмірімде ондайды.

Айлық: Бұл қарыздар бір біріне қосылған,
Тағы да алғам жұмыстағы досымнан.
Ал қанекей айта қойшы саралап,
Нең қалады нем қалады осыдан.

Қордағы ақша: Жылына бір шыққаныма нала боп,
Жүруші едім сары уайымға қамалып.
Сені көріп тәубе қылдым тәңірге,
Жинақталып тұрғаныма қуанып.

Айлық: Шаттық сыйлай алмағанға налимын,
Қуанышы болсам екен әр үйдің.
Қуанар ем қуанар ем егер де,
Мына менің арқамда,
Орындалып жатса егер әр игің.

Қордағы ақша: Риза болдым жинақтаған қорыма,
Түсірмейтін таршылықтың торына.
Мың да бір рахмет айтам тәңірге,
Нәсіп еткен айналдырмай сорлыға.

-Әй адамдар аяңдаршы айлықты,
Айтыңдаршы айлық неден қаймықты.
Аз дүниеге ете білген қанағат,
Қиналмай ақ иеленер байлықты.
  Альжанова Алтынай




Бір қыз көрдім


          

Бір қыз көрдім жанарында жалын бар,
Сол жалынмен талай жандар жалындар.
Қабағында қайсарлықтың табы бар,
Қайсарлыққа талай жандар зарығар.

Әсем күлкі жан дүниеңді тербеген,
Оятатын шабытыңды келмеген.
Сыңғырлаған дауысыңнан айналдым,
Сұм тағдырдың ащы тұсын көрмеген.

Болсын мейлі,
Болсын мейлі пәк күлкің.
Сақталсыншы мәңгілікке шат кейпің,
Талай қыздың сағы сынған өмірден,
Өткен күндер болмаса екен «қап» дейтін.

Ұрламаса бақытыңды басқалар,
Шақырып тұр сені биік асқарлар.
Бұралаң жол, ебін тауып алға ұмтыл,
Шалыс бассаң жанарыңнан жас тамар.

Талай жанның оты өшкен кеудеде,
Үрлеп уақыт түскен талай әуреге.
Жетегінде кете көрме сезімнің,
Адастырар жолықтырар әр неге.

Қызығамын қараймын да тамсанам,
Нұр бейнеңе ізеттілік жол саған.
Сендей отты жалыны бар қыздардың,
Арманы көп болу керек аңсаған.
Альжанова Алтынай

Сағыныш


Көк дәптер ұсынғаныңда,
Білмедім нені жазарымды.
Қайырылмай кете бардың,
Айттыңда жүрек қалауыңды.

Жыр жаз деп қолқа салдың,
Суырып сырға қаламымды.
Ояттың-ау  арманымды,
Келмеске кеткен бала күнгі.

Қалқам ау емдеп жазар ма едің?
Қайырған дауыл қанатымды,
Таба алар ма екем адасып кеткен,
Сыр тұнған жырлы қаламымды.

Сеземін сені тербетер,
Ғажайып бір сырдың барын.
Келсейші сыршыл қызым,
Ашайын жыр құшағын.
 Альжанова Алтынай


Өмір туралы



Әйнек біздің өміріміз секілді.Сыртқы және  ішкі жан дүниең. Сыртымыз қыс ішіміз көктем немесе керісінше де болуы мүмкін.Адамдарды сыртынан көріп, сыртқы келбетіне қаоап кейде жаңылыс ойлап қалуымыз да мүмкін. Сыртқы келбет алдамшы келеді. Адамның шын бейнесі ішкі жан дүниесінде.Жаны жайсаң, өмірі қыстай қаһарлы болса да,көктемдей жылу сыйлай алатын жандар жаныңда болғанға не жетсін! Қанша сағынсаң да сырласуға уақыт таба алмайтын достарымыз да қаншама,Біз адамдарды дұрыс бағаламаймыз,Ең дұрысы өзге жақтан емес,қасымызда жүріп елеусіз қалып қалып кететін жандарға көңіл бөлсең көп нәрсені аңғарасың.Олардың сенімен бірге болуларының өзі қандай ғанибет!

 Альжанова Алтынай

Айлықтың мұңы

     Қордағы ақша: Әй айлық неге сонша мұңаясың, Кетіпті ғой тіптен басың салбырап. Айлық: Оның рас есімді жия алмасым, Не...